Ссылки доступа

Саудиялық феминист қыз әлеуметтік желідегі пікірі үшін 11 жылға сотталған


Манаел әл-Отайби
Манаел әл-Отайби

Сауд Арабиясының терроризмге қарсы соты жергілікті феминист Манаел әл-Отайбиді әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот үкімі 2024 жылдың қаңтар айында шыққан. Бірақ бұл енді белгілі болды. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы әл-Отайби киім таңдауы жөнінде пікір білдіргені үшін ғана айыпты деп танылғанын жазды.

29 жастағы белсенді өзінің X және Snapchat парақшаларында саудиялық әйелдерге ер адамдардың "қамқорлығын" тоқтатуға шақырып, Сауд Арабиясында "әдепсіз" деп есептелген футболка мен спорт шалбарымен жаттығу жасап жатқан видеосын жариялаған. Белсенді қоғамдық орындарда ұлттық киім кимегені үшін де айыпталған.

Әл-Отайби антитеррорлық заң бойынша сотталған. Оның отбасы істің материалдарымен таныса алмаған.

Манаел әл-Отайби 2022 жылдың қараша айында қамауға алынған. 2023 жылдың тамыз айында ол желдеткіші жоқ жалғыз камераға отырғызылған және қарашада оған отбасымен кездесуге мүмкіндік бермеген.

Тек 2024 жылдың сәйуір айында ғана туыстарымен байланысуға мүмкіндік алған.

ALQST құқық қорғау ұйымы хабарлағандай, әл-Отайбидің аяғы сынған және жалғыз камерада қамалып жатыр. Эр-Рияд мұны шетке қағады.

Саудиялық белсенділер арасында әлеуметтік желідегі пікірлері үшін 45 жылға еркінен айырылғандар да бар. Әл-Отайбидің әпкесі Фавзия да осындай іспен айыпталып, бірақ ол 2022 жылы тергеуге шақырылғаннан кейін, өлкеден қашып кеткен.

XS
SM
MD
LG